12 наурызда Ұлан ауданына жақын маңдағы Бозанбай кентінен 7 шақырым жердегі «Бозанбай-Ұлан» тасжолында жүк тиегіш қар құрсауында қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
«Оқиға орнына жол таңдамайтын техникамен, жеңіл броньді шағын танкімен келген құтқарушылар тасжолдың тазартылған учаскесінде қар құрсауынан 2 жолаушысы бар фроньталды тиегішті сүйреп шығарды. Азаматтар медициналық көмекке мұқтаж болмады», делінген хабарламада.
Құтқарушылар сондай-ақ 12-14 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында қатты боран соғатынын ескертті. Өңірде қалың қар жауып, көктайғақ болады.
Облыстық ТЖД азаматтарға ауа райына байланысты ескерту жарияланғанда елді мекеннен шықпауға, ауа райы мен жолдағы жағдайы туралы «Дәрмен» мобильді қосымшасынан қарап отыруға кеңес берді.
