13 нау, 2021 сағат 06:42

ШҚО-да иісшіл иттердің көмегімен 30-дан астам қылмыс ашылды

Шығыс Қазақстан облысының полиция 2021 жылдың басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 30-дан астам қылмысты ашты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полициясында 80-нен астам ит бар. Оның ішінде 41 ит ізге түсу жұмысына, 14 ит есірткі заттарын табуға, 13 ит жарылғыш заттарды іздеуге тартылады. Сонымен қатар шабуылға шығатын – 2, күзетте - 5, иістерді өте жақсы ажырататын – 4 ит сақшыларға көмек көрсетуде. Төрт аяқты «полицейлер» қылмыс болған жерлерге бірге барып, қылмыскерді жылдам табуға, жарылғыш заттарды, есірткілер мен оқ-дәрілерді іздеуге атсалысады. 

«Сонымен қатар иттер әртүрлі көпшілік іс-шаралар өткізілетін жерлерде тәртіпті қамтамасыз етеді. Жедел тергеу тобының құрамында облыс бойынша із кесу жұмысына шығады. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Семей және Шемонаиха бекеттерінде тәулік бойы кезекшілікте болады», - делінген хабарламада. 

2021 жылы инспектор-кинологтар қызметтік-іздестіру иттерімен бірге 900-ден астам оқиға орнына барған. Оның ішінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағыты бойынша – 43, жарылғыш заттарды іздеуге – 345 рет тартылды. 

«Жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 32 қылмыс ашылды. Оның ішінде есірткі заттардың заңсыз айналымына байланысты 16 қылмыс болды. Арнайы операцияларды өткізу кезінде заңсыз айналымнан шамамен 500 грамм есірткі тәркіленген», - деді ШҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Өмірзақ Қасайынов.