22 ақп, 2021 сағат 15:16

ШҚО-да балық қорын сақтау үшін мұз бетін бұрғылап жатыр

Шығыс Қазақстан облысында су қоймаларындағы балық қорын сақтау үшін мұз бетін бұрғылау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегінше, балық аулау кәсіпорындары жыл сайын өңірдің су айдындарында мелиоративтік жұмыстар жүргізуде. Мұндағы мақсат – балық қорын сақтау және арттыру. Сондай-ақ өзендердегі балықтың қырылуын болдырмау және судағы оттегі азайып кетпес үшін қыс кезінде мұз беті бұрғыланады.

 

«Осы сынды жұмыстар ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде жүзеге асырылады. Олар бізге мелиоративтік жұмыстардың қажеттілігін, күтілетін нәтижелер мен болжамдарды, нақты мелиоративтік жұмыстар жүргізілуі тиіс жерлерді, мерзімдерін және әдіс-тәсілдерін айтып отырады», - делінген хабарламада. 

Осындай шаралар Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасында, Тораңғы шығанағында және Қара Ертіс өзенінде жүргізілген.