
Шығыс Қазақстан облысында 7 мыңнан астам адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталғалы екі ай өтті. Бірінші кезекте вакцина медицина қызметкерлеріне салынған болатын.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін өңірде 7274 ақ халатты коронавирусқа қарсы вакцина алған.
«COVID-19 вакцинасының бірінші компонентін 9 наурызда алдым. Ал екінші компоненті 30 наурызда егіледі. Әуел баста дене қызуым көтерілгенімен қазір өзімді жақсы сезінемін. Шілде айында коронавирус жұқтырып, жазылып шыққан едім. Осыдан кейін ағзамда антиденелер пайда болды. Десе де халықта иммунитет қалыптасқанға дейін карантиндік шектеулерді бұзбай, талапқа бағынып өмір сүргеніміз дұрыс. Түгел отбасым коронавирусқа қарсы вакцина алғанын қалаймын», - деді Шығыс Қазақстан облыстық ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығы медициналық-профилактикалық көмек бөлімінің меңгерушісі Наталья Оралбаева.
29 наурыздағы вакцинацияның екінші кезеңінде құқық қорғау органдарының өкілдері мен оқытушылар қамтылмақ.
Шығыс Қазақстан вакцинамен толық қамтамасыз етілген. Қазір аймақта 10 мыңнан астам вакцина бар.
Сәуірге дейін тағы 11 200 доза сатып алу жоспарланып отыр.
