16 сәу, 2021 сағат 09:41

ШҚО: Биыл Алакөлге баратын туристер Үржарға ұшақпен жете алмайды

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына биыл әуе қатынасы тоқтатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

19 сәуірден бастап әуежай ауқымды реконструкциялау жұмыстарын жүргізу мақсатында жабылады. Ал Алакөлге баратын туристер үшін теміржол және автобус рейстерінің саны көбейтілмек.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Үржар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында әуе айлағындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазір ұшу-қону жолағын реконструкциялаумен бұл бағытта жұмыс тәжірибесі бар компания айналысуда. Оның алдындағы мердігер өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс орындамаған болатын. 

Әуе қатынасын үзбеу үшін уақытша қону жолағын салу ұсынылды. Алайда оның құны 5,6 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл қаражат қолданыстағы жолақты жөндеуге жұмсалып отырған сомадан 1 миллиард теңгеге қымбат. Осы ретте облыс әкімі мемлекеттік бюджеттен артық шығынды болдырмау қажеттігін жеткізді. 

«Дүйсенбіден бастап әуежай жабылады. Құрылыс жұмыстары 3 ауысымда жүргізіледі. Нысан менің жеке бақылауымда. Екі аптадан кейін осында тағы келіп, құрылыстың қалай жүріп жатқанын тексеремін», - деді Даниал Ахметов.