23 ақп, 2021 сағат 15:28

Семейде екі автобус екі жасөспірімді қағып кеткен

Семейде екі автобус кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Абай көшесі бойымен келе жатқан бағдарлық автобустың 55 жастағы жүргізушісі Қайым Мұхамедханов көшесіне қарай бет алған. Алайда жүргізуші қозғалыстың қауіпсіз жылдамдығын таңдамай, жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 17 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен, деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Жол апаты салдарынан ол дене жарақатын алған. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, соның нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданады. 

Дәл сол күні тағы бір бағдарлық автобус Глинка көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. 

«Қыз жолдың жүру бөлігінен солдан оңға қарай, қозғалыс барысында өтіп бара жатқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған жасөспірім нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды», – деп түсіндірді қалалық полиция басқармасында.