04 там, 2017 сағат 11:54

Селден қалай сақтанамыз?

2017 жылғы 3 тамыз күні Алматы қаласы Наурызбай ауданы Қарғалы өзенінің аумағында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Департаменті, Наурызбай аудандық әкімдігі, Наурызбай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, Алматы қаласы Ішкі істер Департаментінің Жергілікті полиция қызметі, Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің республикалық жедел-құтқару отряды, «Қазселқорғау» және «Апаттар медицинасы орталағы» мемлекеттік мекемесінің филиалы, Алматы қаласы әкімінің аппараты «Алматы қаласының құтқару қызметі - 109» қызметкерлері, сонымен қатар Ұлттық ұланның 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен сарбаздары қатысқан «Сел - 2017»  бірлескен көлемді командалық-штабтық жаттығулары өтті.

Командалық-штабтық жаттығуларды Алматы қаласы Төтенше жағдайлар Департаментінің бастығы, өртке қарсы қызметінің генерал-майоры Серік Әубәкіров ашып, аталған оқу-жаттығулар кешені аумақта төтенше жағдайлар қаупі туындаған кезде сел жүру апатының алдын алу мақсатында құтқару жұмыстарын ұйымдастырып жүргізу үшін, сондай-ақ төтенше жағдай туындауы мүмкін елді-мекендердің ғимараттары мен халқын апаттан қорғау мақсатында өткізіліп жатқандығын атап өтті.

Генерал-майор Серік Әубәкіровтің командалық-оқу жаттығуды бастау туралы пәрмені қабылданысымен, әр сала қызметкерлері өз бағыттары бойынша құтқару жұмыстарын жүргізуді бастады.

Оқу-жаттығу жұмыстары кезінде Алматы қаласы Наурызбай ауданы Қарғалы өзеніндегі су деңгейінің шамадан тыс көтерілуіне байланысты су жинау тоғанының апатына әкеп соқтыруы мүмкін жағдай бойынша іс-шаралар орындалды. Кешенді іс-қимылға 24 бірлік техника мен 159 адам тартылды.

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы азаматтық қорғаныс жөніндегі 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері бұл оқу-жаттығуларға ерекше әзірлікпен келді. Бөлім командирінің бұйрығымен «Апат» дабылымен көтерілген жеке құрам дереу бес қаруын сайлап сапқа тұрғызылып, болуы мүмкін төтенше жағдай орнына уақтылы келіп жетті.

Төтенше жағдайлар Департаменті басшысының бұйрығымен ұландық жауынгерлердің құтқарушылар тобы Наурызбай ауданы Қарғалы өзені бойындағы сел жүріп өткен елді-мекендердегі қирап қалған тұрғын үйлер мен ғимараттар орнында апаттың зардаптарын жою және тұрғындарды құтқару мен оларға көмек көрсету бойынша жұмыстарды білектерін сыбана жүріп белсене атқарды. Олардың іс-әрекеттерін Төтенше жағдайлар Департаментінің басшылығы ерекше атап өтті.

Жалпы «Сел - 2017» бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығулар қорытындысы бойынша ұландық құтқарушы жауынгерлер өздеріне тапсырылған міндеттерді мінсіз атқарып, төтенше жағдай салдарымен ойдағыдай күресе білді. Оқу-жаттығу кезінде өздеріне жүктелген міндеттерді табандылықпен орындап, Әскери анттарына адал болғаны үшін 28237 әскери бөлімінің командирі подполковник Баянғали Есжанов жеке құрамға алғыс жариялады.        

Айдос Байшагиров лейтенант, 28237 әскери бөлімінің офицері