Фото: iStock
Қоғамдық саясат институты жүргізген зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 70%-дан астамы Қазақстанның дұрыс бағытта дамып жатқанын атап өткен. Мұндай пікірді көбінесе ауыл тұрғындары (80,7%), 24 жасқа дейінгі жастар (78,9%) және әйелдер (72,2%) білдірген, деп хабарлайды Ult.kz.
Халықтың қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайды бағалауы қалыпты оптимизммен ерекшеленеді – сәйкесінше 76,5% және 67%.
Бұл нәтижелер елде жүргізіліп жатқан реформаларды оң қабылдаумен байланыстырылады. Мәселен, қоғамдық-саяси салада азаматтарға ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлау мүмкіндігі берілді, сайлау жүйесі ашық бола түсті, Конституциялық сот қалпына келтірілді, ал гендерлік теңдікке қатысты бастамалар әйелдерге саясат пен қоғамдық өмірге белсенді қатысуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Әлеуметтік-экономикалық саладағы өзгерістер бюджет қызметкерлерінің табысын едәуір арттыруға, қолдау көрсетуге бағытталған ауқымды бағдарламаларды іске қосуға, жер ресурстарына әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге, қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын төмендетуге мүмкіндік берді.
Жалпы, сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 89%-ы өз көңіл-күйін оң деп сипаттайды. Позитивті көңіл-күй көбінесе 18-ден 35 жасқа дейінгі жастарға, үйленбеген/тұрмыс құрмаған және отбасылы респонденттерге, сондай-ақ жоғары білімі бар азаматтарға тән.