
Желіде Алматы облысының Райымбек ауданында Наурыз мерекесіне орай көкпар өтетіні туралы бейнеролик жарияланды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мұндай шара өткізудің қаншалықты заңды екені туралы жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Құрметті Кеген, Райымбек ауданларының тұрғындары! Сіздерді наурыз айының 22 жұлдызында, сағат 10:00-де Райымбек ауданы, Қақпақ ауылында болатын салым көкпарға шақырамыз. Салым қоры – 400 мың теңге, 2 ер-тоқым, 4 қой және 1 тай. Жалпы жүлде қоры 800 мың теңге. Аттың аты мен жігіттің жігіті сынға түсетін күн! Келіңіздер, қадірлі ағайындар!», - деді Нұрлан Есенғазы есімді қолданушы желіде.
Бұл ақпаратқа қатысты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев жауап берді.
«Райымбек ауданынының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылдың 4 наурыздағы №3 «Райымбек ауданы аумағында карантин режимі және кейбір шектеу шараларын енгізу туралы» қаулының 4.5 тармағында «ойын-сауық, спорт іс- шараларының өткізлуіне тыйым салынады» делінген. Видеода көрсетілген жарыстың өтуіне рұқсат берілген жоқ. Видео бойынша шара қолданылады», - дейді ол.
