
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев салынып жатқан тұрғын үй кешендері құрылыстарына шағымданған тұрғындарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Есеп беру жиынында, Әуезов ауданының тұрғыны әкімге қалада көптеген тұрғын үй кешені салынып жатқанына шағымданып, адамдарға көбірек саябақ, сквер, әлеуметтік нысандар қажет екенін айтты.
«Біз тұрғын үй салуды тоқтата алмаймыз. Өйткені қала ұлғайып келеді және баспанаға қажеттілік әлі де бар. 30 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар да бар. Сонымен қатар, коммерциялық бағытта да кешендер бой көтеріп жатыр, бірақ онда балабақша да, мектеп те, аурухана да қарастырылмаған. Яғни, әр шаршы метр бизнеске, көбірек ақша табуға бағытталған. Осыдан кейін, сіздер айтқандай, мектеп, балабақша жетпейді», - деп жауап берді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, ол тұрғын үй кешенімен бірге мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандарды салуды міндеттейтінін айтты.
