
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халықаралық ІT қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қала әкімі білім беру саласындағы EduSteppe консалтингтік компанияның негізін қалаушы, Edtech Finland басқармасының кеңесшісі Эндрю Ноланмен білім берудің тиімділігін арттыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Э. Нолан оқудың мультидисциплинарлық әдісінің, жасанды интеллекттің және адаптивті оқытудың мүмкіндіктері туралы айтты.
Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев «Re-State» қорының тең құрылтайшысы және бас директоры Анастасия Калининамен кездесу барысында инновациялық экожүйелерді нығайту бойынша тәжірибе алмасу перспективалары, жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу және инновациялық басқару тақырыптарына зерттеулер жүргізу мәселелерін қарады.

Алматы әкімі Delta work компаниясының басқарушы Даниэль Сиэлмен және Scal8R құрылтайшысы әрі бас атқарушы директоры Игорь Овчаренкомен инновациялық кәсіпкерлікті дамыту және түрлі бағдарламалар мен іс-шаралар өткізу арқылы экожүйелерді құруды сөз етті.
Айта кетейік, «Digital Almaty 2021» форумның негізгі тақырыбы отандық ІТ-шешімдерді қолдау және цифрландыру жобаларын жүзеге асыру.

