05 сәу, 2024 сағат 22:14

Президент үкіметке су тасқыны жағдайы бойынша тапсырмалар берді

Премьер-Министр, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты елдегі су тасқыны жағдайы мен ахуалды тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы үнемі хабардар етіп отыр, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» UKIMET -ке сілтеме жасап.

Президент тапсырмасы бойынша, Олжас Бектенов бүгін Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарына барды. Сондай-ақ өңірлік штаб жетекшілерінің қатысуымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді.

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қостанай облысына жіберілді. Міндет - су тасқыны жағдайын тұрақтандыру бойынша жергілікті жұмыстарды үйлестіру.