03 қаз, 2024 сағат 13:34

Президент «Таза Қазақстан» жобасының маңызын атап өтті

Фото: Ақпарат және Мәдениет министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында қоғамда тазалық мәдениеті орнығуы қажет екенін айтты. Осыған орай, биыл елімізде «Таза Қазақстан» жобасы қолға алынғанын және бұл – өте маңызды бастама екенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

"Аймақтарда ауқымды экологиялық шаралар атқарылып жатыр. Жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде айқын көріне бастады. Шетелден келген қонақтар елді мекендеріміздің ерекше тазалығына назар аударуда. Тіпті, мұны басқа жұртқа үлгі етіп, әлеуметтік желіге жариялап жүрген туристер бар. Әрине, шетелдіктердің мақтағаны жақсы. Бірақ тазалық өзгелерден бұрын өзімізге керек", - деді Президент.


Айтуынша, бұл – Жарлықпен жасалатын, Өкіммен орындалатын шаруа болмауы тиіс. Тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қажет, дейді ол.

"Шын мәнінде, өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Сондықтан «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс. Сіздер әр қиырдағы ауыл-аудандардан келіп отырсыздар. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызды «Таза Қазақстанды» тұтас ел болып қолдауға шақырамын. Бұл іс-шарадан бір де бір елді мекен шет қалмауы керек. Әрбір ауыл, әрбір қала тазалықтың үлгісі болуы қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Бұған дейін біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумындағы маңызды мәлімдемелеріне тоқталған болатынбыз.