02 қаз, 2024 сағат 22:07

Полиция Референдумға байланысты қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды

Фото: pixabay.com

Республикалық референдумның өткізілуі кезеңінде ІІМ құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды, деп хабарлайды Polisia.kz.

2 қазаннан бастап ішкі істер органдарының жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, дауыс беруге арналған учаскелерге комиссиялық тексерулер жүргізілетін болады. Олардың техникалық сипаттарға және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, терроризмге қарсы қорғалуы қаралады. Полиция қызметкерлері дауыс беру бюллетеньдері жеткізілген сәттен бастап учаскелер маңында қызмет атқаратын болады. Сондай-ақ полицейлер дауыс беру құжаттамасын жеткізуді сүйемелдейді.

Ел бойынша қоғамдық тәртіпті 33 мыңға жуық қызметкер қамтамасыз ететін болады, оның 18 мыңы сайлау учаскелерінде.

Ішкі істер органдары дауыс берудің дұрыс және тыныш жағдайда өтуі үшін барлық шараларды қабылдайды.