07 сәу, 2021 сағат 19:03

Петропавлда үйдің подъезінде бойжеткенге шабуыл жасаған ер адам ұсталды

Петропавлда екі күн бұрын 19 жастағы бойжеткенге үй подъезінде шабуыл жасаған ер адам бүгін ұсталды, деп хабарлайды  "Ұлт ақпарат".

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 сәуір сағат 18.15 шамасында Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Жамбыл көшесіндегі үйлердің бірінің подъезінде бойжеткенге шабуыл жасады деген күдікпен ер адамды ұстады. Ол облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұған дейін бірнеше рет сотталған екен. 

«Қазіргі уақытта ұсталған ер адам Петропавл қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл іс толық, жан-жақты, барлық жағдайлар ескеріле отыра объективті тергеледі, нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - делінген хабарламада. 

Естеріңізге салайық, 5 ақпан күні сағат 20.00 шамасында Петропавлдағы көп қабатты үйлердің бірінің подъезінде 19 жастағы бойжеткенге белгісіз ер адам шабуыл жасаған еді. Ол қыздың тамағына пышақ тақап, зорламақ болған. Айғайды естіген көрші бойжеткенді құтқарды, ал ер адам қашып кеткен еді.