15 нау, 2021 сағат 11:28

Петропавлда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Петропавлда көп қабатты тұрғын үйде газ баллонының жарылуына байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Петропавл қаласы әкімі Болат Жұмабековтың шешімі ашық нормативті-құқықтық актілер сайтында жарияланды. 

Құжат Петропавлдағы Интернационал көшесі, 21 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйде болған жарылыстан үш апта өткесін ғана пайда болды. Түсіндірме хатта қала әкімінің шешімі жарылыс болған көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының қауіпсіз және жайлы тұру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында қабылданғаны айтылған. 

«Негізгі міндет – ғимараттың бұзылған құрылымдарын қалпына келтіру, тұрғын бөлмелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелерін монтаждау және қайта жаңарту. Нәтижесінде, бұл - Интернационал көшесі, 21 тұрғын үйдің бөлмелері мен тұрмыстық үй-жайларының жай-күйін жақсартады», - делінген құжатта.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жою бойынша жетекші болып тағайындалды, оған тиісті іс-шараларды жүргізу тапсырылған. 

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 21 ақпан күні сағат 16.00 шамасында болды. 5 қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ баллоны жарылып, үш адам қаза тапты. 120 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді. 

СҚО әкімі зардап шеккендердің ешқайсысы назарсыз қалмайтынын, баспананың жөнделетінен айтты.