Фото: termincom.kz
Павлодардағы арнайы орталықтарда 11 бала зорлық-зомбылық көргені туралы хабар тараған еді. Осы оқиғаның мән-жайын, Ult.kz тілшісі “Балалардың құқықтарын қорғау: сын-қатерлер және даму перспективалары” атты брифингте жауаптылардан сұрап білді.
Ult.kz тілшісінің «Павлодарда болған оқиға «балалардың қауіпсіздігі туралы» заңның жұмыс істемей тұрғанын көрсетпей ме?”-деген сұрағына Қазақстан Республикасының оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы жауап берді. Оның айтуынша:
“Заңдардың істей бастағанынан осындай жантүршігерлік жағдайға балалар тап болғаны анықталып жатыр. Яғни, психологтар балалармен жұмыс жасаған кезінде ол балалар бұрын түрлі жағдайларда зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталған. Біз қазір негізінен проблеманы анықтауға күш салып отырмыз. Егер себеп-салдарын анықтайтын болсақ, онда мәселені жүйелі шешуге мүмкіндік туындайды. Қайталап айтуым керек, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің тиісті жауапты ұйымдармен, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және ІІМ арасында біртұтас жұмыс істеу алгоритмі осындай оқиғаларды анықтауға мүмкіндік беріп отыр”.
Одан бөлек Балалар құқықтарын қорғау төрайымы Насымжан Оспанова вице-министрдің жауабына қосымша етіп:
“Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды анықтау, оларға көмек көрсету, психологиялық қызмет көрсету орталықтары, медицина қызметкерлері, полиция және прокуратурамен бірлесе отырып атқарылған жұмыстар арқылы анықтау мүмкін болды”,-деді.
Сондай-ақ, Насымжан Оспанова қазіргі уақытта елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы зерттеу жүргізіліп жатқанын түсіну өте маңызды екенін, мемлекеттің басты міндеті – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтып өтті.
Ал, тілшінің “тергеу қалай жүріп жатыр деген сұрағына ІІМ өкілі Абылай Өтегенұлы: «Тергеу жүргізіліп жатыр» деп қысқа қайырды.
Павлодар облысында болған 11 баланың зорлық-зомбылық көргені біртұтас жұмыс істеу алгоритмі аясында анықталған. Одан бөлек вице-министр, жағдай жіті бақылауда екенін, тергеу-тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін, нәтижелер БАҚ өткілдеріне берілетінін айтып өтті.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Павлодар облысында Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісімен кезекті жұмыс кездесуі өткені туралы Облыстық омбудсмен уәкілі Сәуле Шәкенова әлеуметтік желісіне жазған еді. Оның жазуынша 2024 жылдың қараша айында анықталған жасөспірімдердің жыныстық тұтастығына қарсы жасалған қылмыстар талқыланған.
“10 жастан 16 жасқа дейінгі 105 баланың барлығына медициналық тексеру жүргізілгенде, Павлодар облысы балалар үйлері мен балаларды қолдау орталықтарының тәрбиеленушілері арасынан жыныстық тұтастықты бұзудың 11 фактісі анықталды. Оның ішінен 8 фактісі қазіргі уақытта ЕРДР-ге тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдіктілер анықталып, ұсталды. 3 факті бойынша қылмыстық құрамның бар-жоғы тексерілуде. Сонымен қатар, «үйдегі» балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың 2 фактісі анықталды. Жоғарыда көрсетілген барлық заңсыз әрекеттер бірнеше жыл бұрын жасалған”,-деген Сәуле Шәкенова.