12 шіл, 2017 сағат 16:23

Павел Фещенко: Мен ерлік жасаған жоқпын, міндетімді орындадым

Теміржол тасымалы толағай міндетке толы қызмет. Шойын жол әр мемлекеттің басты күретамырындай. Осы жолдар арқылы күніне қаншама тауар тасылып, еліміздің бойына қан жүгіріп отырғанын білер ме еді, шіркін. Теміржол саласында әскери тасымал ұйымдастыру ісі үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Бұл міндетті атқарушылар көбіне-көп көзге де түсе бермес, бірақ ауқымды жұмыстардың бас-қасында жүрген еңбектің нағыз қараторылары. Тақырыпқа орай жақында біз Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының арнайы және әскери теміржол тасымалы бөлімінің бастығы подполковник Павел Фещенкомен сұхбаттасқан болатынбыз.

Павел Николаевич, сіздің қазақ тілін білуге деген ұмтылсыңыз көп әріптестеріңізге үлгі. Қазақ тілінде аз-аздап тіл сындара бастапсыз?

-  Оған таңырқайтын ештеңе жоқ. Менің елім - Қазақстан, туған Отаным, кіндік қаным тамған жер. Бізді, яғни менің арғы аталарым сонау Украин жерінен Ұлы далаға табан тіреген. Көрмегендері, бастан кешпеген қиыншылықтарын естігенде төбе шашыңыз тік тұрады. Ал мұнда келген соң дарқан жүректі қазақ ұлты бауырына басқан. Осылай, біздің қазақ жұртынан көрген жақсылығымыз ол ұрпақтан ұрпаққа ұмыстылмас жақсылық. Ал қазақ тілін мен жетік меңгеруге күн санап талпынып келемін. Таза сөйлеп, жаза білсем деген арманым.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халқымызда сөз бар. Егер қателеспесем, былтыр сіздің «нағыз батыр» деген атқа ие болып, жұлдызыңыз жанған сәт болды. Бұндағы айтпағым, Сіз өткен жылы қауіпті қылмыскерді ауыздықтап, адам өлімін болдырмай, үлкен ерлік іс жасадыңыз. Осы оқиғаны оқырман үшін қайта еске алсаңыз.

- Мен өзім артық мақтауды, шексіз құрмет дегенді жақтыра бермейтін жанмын. Отан қорғаушы деген мамандықты алып жүргендіктен осы салада жүрген әр азамат елді, жерді кез келген жамандық, кесапаттан қорғауға әрдайым дайын болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, ол - оның әуелгі міндеті. Мен өзімді ерлік жасадым деп айта алмаймын. Елге, бір әулет, адам болса да, соларға көмек жасағаныма қуанамын.

Мен өз басымда осындай оқыс оқиғаға екі рет тап болдым. Енді өзіңіз айтып бергенімді қалап отырғаннан кейін қысқа тоқталғанды жөн көріп отырмын. Бір оқиға былай болды. Біз отбасында екі баламыз, менен үлкен әпкем бар, тұрмыста.  Өткен жылы демалыс күндердің бірінде қал-жағдайларын білмекке әпке-жездемнің үйіне барғам. Олар Алматының Түркісіб ауданында тұратын. Үйге жете бергенде әпкемнің үйіне көрші үйдің жанына көп адамның жиналып тұрғаны аңғардым, медицина қызметінің, бірнеше полиция көліктері тұрды. Іштей мұнда бір жамандықтың болғанын сездім. Көңілім алдамапты. Сұрастырсам, мұнда үйдің қожайынын белгісіз біреулер тапа-тал түсте бауыздап кеткенін естідім. Бірақ қылмыскер табылмаған, іздейтін айғақ таба алмай полиция қызметкерлері дағдырып тұр екен. Уақыт өткен сайын қылмыскердің ізін суытып үлгеретінін ойласақ, іш қазандай қайнап тұр. Ұрыс та тұрыс жоқ. Мен өзімше іздеуге кірісіп кеттім. Әуелі, сол маңдағы бірнеше ішкілікке салынған азаматтарға жолығып, сұрау салдым. Жалпы, бұл көбіне көп заңмен «проблемасы бар», әрі аймақтағы анау, мынау қылмыстарға кімнің қатысы бары, болмаса жоғы жайлы «криминалдық өсекті» жеткізіп отыратындары жасырын емес. Мен солардың біреумен сөйлесе отырып, оқиғадан бір күн бұрын «бәленбай деген рецидивистің осыдан бір күн бұрын кісі қолынан қаза болған адаммен бірге жүргенін көргенін естідім». Ақыры осы ақпараттың ақырына жетуге тырыстым. Полицияның жедел уәкілдерін алып, әлгі азаматтың тұратын жерін іздеп таптық. Ол да бізді тосып отыр екен. «Кісі өлтіргенім үшін полиция мені қашан іздеп келеді деп отыр едім», деп барлық болған жайтты мойындады.

Енді бір оқиға өздеріңіз білетіндей ол да былтыр орын алды. Демалыс күні болатын. Үйге қарамағымдағы әріптесім майор Исмайл Қадыров келген болатын. Күн екінтіге ауып бара жатқан мезгіл. Аулада отыр едік. Сырттан «құтқарыңдар, көмектесіңдер, өлтіреді» деген шу шықты. Біз Исмайл екеуміз көшеге жүгіре шықсақ, тура үйімізге таяу тұста алқына жүгіре жеткен орта жастағы азаматты көрдік. Үсті-басы қып-қызыл қанға боялған, көз алды көкала қойдай соғылған, күп болып ісіп кетіпті. Біз басында абдырып қалдық артынан жылдам ес жиып, екі жақтап не болғанын сұрадық. Ол да жыларман болып, көшенің арғы жақтағы қиылысын көрсете берді. «Мені өлтірмек болды, әрең құтылып шықтым. Олардың қолдарында пышақтары бар. Қазір мені іздеп артымнан келе жатыр. Көмектесіңдер, құтқарыңыздар», - дей берді. Содан көше бойлап жүрдік. Бұрылысқа жеткен кезде екі адам жүгіріп келеді екен. Қарасақ, қолдарында пышақ. Қарайтын түрі жоқ, алдыға екпіндеп тұр. «Пышақтарыңды тастаңдар», - дегенімізге қарамай бізге қарсы пышақтарын шолжаңдатып тап берді. Осы тұста менің де, Исмайлдың да жастайымыздан спортпен айналысқаны көп сеп болды. Аңысын аңдып, жекпе-жектің әдіс-тәсілдерін пайдаланып ақырында екеуін де жерге жығып, қарусыздандарып, полиция қызметкерлерін шақырдық. Барлық ерлігіміз осы. Бізді құрметтеп, кеудемізге «Ерлігі үшін» медалін таққан басшылығымызға үлкен рахметімді айтамыз.

Иә, оның да дұрыс Павел, бұл сенің нағыз азаматқа тән сабырлығың, салиқалығың ғой. Әйтпесе, қылмыскермен алысуға кез келгеннің батылы жетпес. Енді жұмыс жағдайларыңа көшсек. Қызметтерің қалай, қандай өзіндік ерекшелігі, талап, міндеттері бар. Жоспарларың қандай, осымен бөліссең.

- Қызметіме келер болсақ, біздің міндеттер тікелей теміржолмен байланысты. Біздің еліміз өздеріңізге белгілі, айналасында мұхит тасымал жолдары жоқ, құрлық ішілік тасымалға ие ел. Сондықтан да бүкіл елдегі тасымал негізінен пойыз жол және көлік жолдар арқылы асырылады, оының ішінде теміржолдың жүк жеткізу үлесі 100 пайыздан 73 пайызға дейін міндетті атқарады. Біз осы транспорт түрінде арнайы және әскери тасымалды үйлестіреміз. Біздің қызметке еліміздегі кез келген мекеме арнайы тапсырыс беру арқылы жүгінеді. Мәселен, Шекара қызметі өздерінің құрылымдық бөлімшелеріне әр түрлі жүктерді жеткізуді ұйымдастыруға, ал Ұлттық банк валюта тасымалын ұйымдастыруға тапсырыстар беріп жатады. Көріп отырғандарыңыздай біздің жүк тасымалына артылған жауапкершілік зор. Ол біріншіден сол тасылатын жүктің маңыздылығына, онымен бірге оның мемлекет үшін стратегиялық орны бар болғандықтан мәні де жауапкершілік те арта түседі. Одан басқа да адамдарды теміржол арқылы тиісті жерге жеткізу, әскери техника, Қарулы  Күштерімізге қатысты кез келген тасымал ісін біз атқармыз. 2009 жылға дейін біз Ішкі істер министрлігінің құрамында болдық. Сол жылдан бастап біздің қызмет бүгінгі Ұлттық ұлан құрамына енгізілді. Бұл - жұмыстың тиімділігі үшін ведомствоаралық жүргізілген реформа.

Арнайы және әскери теміржол жүк тасымалы қызметіндегі аса жауапты іс бұл қауіпсіздік шараларына әрдайым бекем болу. Ол дегеніміз, тасымалданушы жүктерді, пайдалану техниканы қауіпсіздік талаптарына сай жабдықтау, мамандарға қауіпсіздік ережелерін ұдайы оқытып-үйрету. Қазіргі таңда бұл мәселелер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тасымалға қөатысты бөлімшелерінде толықтай шешімін тапқан. Жыл сайын мамандарды арнайы курстарда оқытып, біліктілігін жетілдіріп отырмыз. Мұның сыртында «Қазақстан теміржолы» АҚ мамандары қажетті әдістемелік көмектерін ұдайы көрсетіп тұрады.

- Мен Отан үшін от кешер әскери азаматтарымызбен әңгімелескенде көп қояр сұрағым бар. Ол сұрақты сізге де қойғым келіп отыр. Қойылар сауал - патриотизм дегеніміз не?  Осы сұраққа әркім әрқалай жауап береді, әр адам өзінше тон пішеді. Сіз қалай ойлайсыз?

- «Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген орыс халқының нақылы тегін айтылмаса керек. Патриотизм – бұл елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Мәселен, кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отаныңның мүддесін ойлау, туған жеріңе деген адалдық пен азаматтық сезімдер, өз еліңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ өзіңнің табанақы, маңдай теріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау – осының барлығы қазақстандық патриотизм деген ұғымының ішіне сияды. Яғни, бұл өмірдің мәні деп білемін. Менің ойымдағы патриотизм осы.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен майор А.ӘУБӘКІРОВ,

Алматы қаласы