16 сәу, 2021 сағат 13:26

Өскемен тұрғындары мешітке барып вакцина ала алады

Өскемен қаласындағы «Халифа Алтай» мешітінде вакцинация пункті ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

16 сәуірде облыстық «Халифа Алтай» мешітінде толықтай жабдықталған мамандандырылған вакцинация пункті жұмысын бастады. Вакцина алған пациент кең күту залында 30 минут медициналық бақылауда болады.

«Біріншіден, бұл тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жасалған. Екіншіден, вакцинациялау процесін жеделдетудің амалы. Алғашқы күні-ақ вакцина алуға ниет білдірушілер табылды. Барлық процедураға шамамен жарты сағат уақыт кетеді. Вакцинациялау алдында дене температурасы өлшеніп, дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі», - делінген ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан хабарламада. 

Тұрғындардан тек жеке куәлік пен вакцина алуға болатындығы жайлы дәрігердің рұқсаты қажет. Пациентке екінші дозаның салынатын уақыты мен вакцинаның қандай жанама әсерлері болатындығы туралы жадынама беріледі.

«Ерте ме, кеш пе бәрібір вакцина алу керек деп ойлаймын. Вакцинация ұжымдық иммунитетті қалыптастырады және бүгінгі ушығып тұрған эпидемиологиялық ахуалды жақсартады. Кейбіреулер ауруханаға барғысы келмейді. Ал мешіттегі пунктте барлығы талапқа сай ұйымдастырылған әрі өте ыңғайлы. Сондай-ақ Ана мен бала орталығынан жабдықтар әкелінді. Вакцинация пункті санитарлық ережелерге сәйкес келеді», - деді ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Тұрдиев.