Өскемен мен Семей қалаларында демалыс күндері қоғамдық көлік қатынамайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, бұл - коронавирус инфекциясының тез таралып кетпеуін және облысты «қызыл» аймақтан шығару үшін амалсыздан жасалып отырған шара.
Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 41%-ы Семейде, 34%-ы Өскеменде тіркелген.
Риддер, Глубокое және Ұлан аудандарында вирус жұқтырғандардың саны өсіп барады.
Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту үшін демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын шектеу туралы шешім қабылданды.
- Барлық тамақтану орындарының жұмысы қатаң бақылауда болады. Бизнеске жасалған жеңілдіктер санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамау дегенді білдірмейді. Сондықтан, кәсіпкерлер де өз нысандарын қадағалаулары керек», - деді Д.Ахметов.
Сондай-ақ ол вакцинация қарқыны бойынша облыс жақсы нәтиже көрсетіп отырғанын айтты.
Вакцинаның екі компонентін 325 мыңнан астам адам алған.