11 нау, 2021 сағат 11:25

Оралда жүргізуші зейнеткерді қағып өлтірген соң қашып кеткен

Оралда автокөлік зейнеткерді қағып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға кеше кешкісін Сарайшық көшесінде болды. Сағат 19.45-те белгісіз жүргізуші «Ауди» автокөлігімен реттелмейтін жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан 1956 жылғы ер адамды қағып кетті.

Жол апаты салдарынан түрлі жарақат алған зейнеткер облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілгенімен, кейін қайтыс болды. 

Полиция департаменті қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде 1968 жылғы жүргізуші анықталып, ұсталды.

"Зейнеткер реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелімен жолдан өтіп бара жатқан. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді, онда біраз уақыттан кейін қайтыс болды. Полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтап, ұстады. Ол Орал қаласының 53 жастағы тұрғыны болып шықты. Audi 80 автокөлігі арнайы тұраққа қойылды", - деді БҚО ПД баспасөз қызметінің өкілі Мөлдір Садырғалиева.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, зейнеткер жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Ол түнде көз жұмды.