18 шіл, 2024 сағат 11:24

Онкологиялық науқастар дәрі-дәрмексіз қалмайды – министрлік

Сурет: ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық және онкогематологиялық дертке шалдыққан пациенттер қажетті препараттармен уақытылы қамтамасыз етілетінін хабарлап отыр.

"Дәрі-дәрмекті жеткізудегі кез келген үзілісті болдырмау үшін ведомство препараттарды уақытылы қамтудың тетігін анықтады. Ешбір пациент қажетті емсіз қалмайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармалары мен онкологиялық орталықтар жағдайға мониторинг жүргізеді", - делінген министрлік таратқан хабарламада.


Пациенттерге ыңғайлы болу және қажетті ақпаратты алу үшін 8 (7172) 570 950 нөмірі бар Call-орталығы жұмыс істеп тұр. Орталыққа қоңырау шалып, онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасы мәселелері бойынша өтініш қалдыруға, оның ішінде емдеуден және көмектен бас тарту жағдайлары туралы хабарлауға болады.

Айта кетейік, кеше «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры онкологиялық науқастар тиісті дәрі-дәрмекпен қамтылмай қалу қаупі туралы хабарлаған еді. 

Қордың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, 2023 жылғы қарашадан бастап бекітілген «2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар» шеңберінде онкологиялық және онкогематологиялық аурулары бар азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) енгізілгенге дейін 15 заманауи нысаналы дәрі-дәрмек препараттармен қамтамасыз ету жүзеге асырылады.