05 ақп, 2021 сағат 18:06

Өмірзақ Шөкеев кәсіпкерлерге кепілдіксіз несие алудың жолын көрсетті

Несие алуда кепілдіктің болмауы көп кәсіпкерлерге, әсіресе шағын бизнес иелеріне қолбайлау болуда.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің шағын бизнес иелері мен жас кәсіпкерлермен танысып, көкейінде жүрген мәселелерді бірлесе талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәләмттеріне қарағанда, ортаға салынған мәселелердің басым бөлігі қолжетімді несиелерді алу аясында болды. Қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс» екендігін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шағын несиелердің көлемін ұлғайтып, халыққа берілетін шағын несиелердің мөлшерін 6 пайыздан асырмауды тапсырды. 

Шағын бизнесті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына жаңа құрал іске қосылып, тығырықтан шығар жол табылды. 5 млн. теңгеге дейін екі жылға кепілдіксіз несиеге ие болу үшін небәрі жарты сағат уақыт кетеді. Ол үшін жеке куәлік пен кәсіпкерлік құжаттың болуы жеткілікті. 

«Бүгінгі кездесуіміздің басты себебі, осы жағымды жаңалықты өздеріңізбен бөлісіп, жүзеге асырылу тетігін нақты іс жүзінде көрсету болып отыр. Шағын оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері айналым қаражатын толықтыру үшін 5 млн. теңгеге дейін 6 пайыздық несиені ешқандай кепілдіксіз алуға мүмкіндігі бар. Бұл қаржы құралы аз уақыт ішінде бизнес үшін пәрменді қолдауға айналды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кәсіпкерлерге құлаққағыс жасағым келеді. Құрметті кәсіпкерлер! Бизнес үшін жасалып жатқан қолдаулардың ауқымы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың кәсіпкерлерді қолдау саясатының айқын дәлелі. Мемлекеттік қолдау шараларын барша түркістандықтарға жеткізіп, әрбір кәсіпкерді қолдаудан тыс қалдырмау – басты міндет. Сондықтан да, барлық кәсіпкерлерді осы іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамын»,- деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. 

Түркістан облысы бойынша несиелер Халық Банкі, Банк ЦентрКредит, Сбербанк арқылы ұсынылуда. Небәрі соңғы бір айдың ішінде 200-ден астам несие мақұлданып, 62 кәсіпкер қаржыландырылды. 

Айта кету керек, мемлекеттік қолдау шараларының кәсіпкерлер үшін қолжетімділігін арттыру, өңірдегі бизнес ахуалды жақсарту әкімдік жұмысының басты бағытының бірі. Есепті жылда «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлер 50,7 млрд. теңгеге жеңілдетілген 6%-дық несиемен қамтамасыз етілді. Өткен жылы өршіген эпидемиялық ахуалға қарамастан Түркістан кәсіпкерлері белсенділік танытып, несиелердің көлемі 1,3 есе артты. 

Облыс аумағында 140 605 шағын және орта кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соңғы 2,5 жылда олардың саны 14 мыңға өскен. Бұл салада 200 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Пандемияға қарамастан шағын және орта кәсіпкерліктің өнім көлемі 16%-ға артып (өсім бойынша Республикада 2 орын), 554,4 млрд. теңгеге (9 ай) жетті. 2021 жылда 1 трлн. теңгеге жеткізу жоспарлануда.