03 қыр, 2021 сағат 13:03

Нұр-Сұлтан қаласында ковид стационарлары жабылып жатыр


Елордада ковидке арналған стационарлар жабылып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Желеухан Прімқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қалада вирустың таралуы деңгейінің төмендеуіне байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамыр-шілде айларында инфекциялық болып бейімделген стационарларды жабу туралы шешім қабылдады. Осылайша, соңғы екі күнде 370 орынды 3 ковидті стационар жабылды, яғни Қалалық психикалық денсаулық орталығы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің госпиталі мен Қорғаныс министрлігі госпиталіндегі стационар жабылды», - деді Желеухан Прімқұлов. 

Оның айтуынша, осыған қоса, келесі апта және алдағы уақытта аурудың бәсеңдеуіне байланысты инфекциялық, реанимациялық орындар тағы екі стационарда жабылады. Осы орайда 216 төсек орынды №3 Көпбейінді қалалық аурухананың акушерлік және клиникалық блоктары, 112 орынды академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы қамтылады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада жедел жәрдем шақырту деңгейі азайды.