29 қаң, 2024 сағат 13:32

Мұсылман елінің әуекомпаниясынан стюардессалар жоғала бастады

Фото: © pixabay.com/SandraTropp

Пәкістан халықаралық әуежелісінің (PIA) стюардессасы Канадаға рейстен кейін жоғалып кетті. Бұл бірінші рет емес екен, осыған дейін де мұсылман елінің ұлттық тасымалдаушысының экипаж мүшелері жоғалғаны айтылады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz сайты The Media Line басылымына сілтеме жасап.

Фаиза Мухтар 19 қаңтарда Исламабадтан Торонтоға келген және келесі күні Карачиге ұшу керек болған. Алайда белгіленген уақытта қыз жұмысқа келмей, байланысқа шықпай қойған.

Дереккөз мәліметінше, PIA қызметкерлері сонау 2018 жылдан бері әуекомпаниядағы жұмысынан қашып, басқа елдерден пана сұрайтын болған. Мұндай жағдай жиі болып тұратын көрінеді. 2023 жылдың өзінде Канадада кем дегенде жеті адам қалып қойған.

Әуекомпания өкілдері бұл үшін Канада билігін (босқындарға қатысты либералды саясатты ұстанғаны үшін) кінәлайды. Тасымалдаушы мұндай "қашқын" қызметкерлерін жұмыстан босатып, сот арқылы Пәкістанға қайтаруды талап ететіндерін мәлімдеді. Алайда басқа да мәліметтер бойынша, қашудың басты себебі: жалақының тым төмен болуы және елдегі экономикалық жағдай.