ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев митингтердегі «кеттлинг» әдісі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Шынында да, біз бірнеше рет рұқсат етілмеген митингілер өткен жерлерді құрсауладық. Бірақ басқа елдердің полициясына қарағанда біз су атқыштарын, жарық-шу гранаталарын және басқа да арнайы құралдарды қолданбадық. Біздің полицейлер әрдайым қарусыз, таяқсыз, газсыз тұрады және өз физикалық күшімен ғана аталған құқықбұзушылықтардың жолын кеседі», - деп жауап берді Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
"Кеттлингті азаптау деп санайсыз ба?" деген сұраққа министр қазақстандық полицейлердің демонстранттарды "азаптамағанын" һәм зорлық-зомбылық болмағанын айтты.
«Біз барлық азаматтарға қоршаудан шығуға мүмкіндік бердік, күштеу-азаптау болған жоқ. Оларға су мен тамақ ұсынылды. Онда еш зорлық-зомбылық болған жоқ. Мұндай шаралар әрдайым жедел жәрдем көлігімен және дәрігерлермен қамтамасыз етіледі», - дейді ол.
Министрдің айтуынша, қазақстандық нұсқаулықтарда бұл ұғым «Адамдар тобы қоғамдық тәртіпті бұзып жатқан орындарды құрсаулау» деп аталады.
Қазақстан полициясы билікке қарсы наразылық өткізгендерге кеттлинг әдісін жиі қолданады.
