26 қаң, 2024 сағат 15:08

Майқайыңдағы апат: комиссия тергеу нәтижесін жариялады

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

«Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы апат салдарынан болған топтық жазатайым оқиғаны тексеру жөніндегі комиссия  4-24 қаңтар аралығында жүргізілген тергеу нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, осы кезең аралығында ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия мүшелері жобалық құжаттаманы зерделеп, тергеуге 4 сараптамалық ұйымды, оның ішінде Ресей Федерациясының сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғалары арасында сауалнама жүргізген. Сонымен қатар шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеген.

Осылайша, комиссия жан-жақты тергеу жүргізе отырып, тау-кен массасының құлауы салдарынан орын алған топтық жазатайым оқиғаның себептерін анықтады. Олар:

• жұмыс өндірісі қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастырылған;

• «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмаған;

• блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылау тиісінше жүзеге асырылмаған.


"Сонымен қатар бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмегені, жобалық құжаттамаға сәйкес әзірленген тазарту кеңістігінің бос жерлері құлау ықтималдылығы бар екендігі назарға алынбағаны анықталды.

Осының салдарынан кенеттен тау массасы құлап, жазатайым оқиға орын алған.

Тергеу нәтижелері бойынша комиссия мүшелері жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі іс-шараларды және олардың орындалу мерзімдерін айқындады. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың талаптарын ескере отырып қайта қаралатын болады.

Бұдан басқа, тау-кен қазбаларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне егжей-тегжейлі тексеру жүргізіледі" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, құлауы мүмкін аймақтарды және қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз етуді ескере отырып, автокөлік қозғалысының маршруттары әзірленеді.

"Комиссия 7 жауапты адамды анықтады, олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға орын алды.

Еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.

Апат болған жерде авариялық-құтқару жұмыстары оқиға болған сәттен бастап демалыссыз жүргізіліп жатыр. Топырақтың геосканизациясы жұмысы мерзімді уақытта жүргізілуде. Жұмыстар өте қиын жағдайларда жалғасып жатыр. Тау жыныстарының құлау қаупі және пайда болған шұңқырдың астында бос кеңістіктер бар" - делінген хабарламада.