
Ішімдік ішіп алып қызметтік көлік жүргізген Талдықорған әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы жұмыстан қуылды. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова «қатаң сөгіс» алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы көшенің қақ ортасында әйелін ұрып, видеоға түсіп қалған болатын. Шенеунік ішімдік ішкен күйінде қызметтік көлікті жүргізіп, полицейлерге ұсталған. Артынан белгілі болғандай, қалалық әкімдіктің бірнеше қызметкері бас қосып, қоғамдық орындардың бірінде отырған. Арты дауға ұласты. 13 наурыз күні түнгі 24:00 – 01.00 шамасында түсірілген видео бойынша қызметтік тексеру жүрігізіп, қорытындысы жарияланды.
«Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары С.А.Арзанбековаға өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ-нің басшысы М.А.Нұрғалиевті жұмыстан босатылды. «Талдықорған қаласының кәсіпкерлік бөлімі» ММ-нің басшысы Н.А. Қалиахметовке өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін «қызметке толық сәйкес еместігі» түріндегі тәртіптік жаза, «Талдықорған қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» ММ-нің басшысының орынбасары А.С. Пенге тәртіптік жаза қолданылды», - делінген Талдықорған қалалық әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
