28 ақп, 2025 сағат 17:02

Марокко королі Құрбан айтта қой союды тоқтатуға шақырды

Фото: Shutterstock

Марокко королі VI Мұхаммед елдегі қуаңшылықтың салдарынан мал санының күрт азаюына байланысты биылғы Құрбан айтта қой шалу рәсімінен бас тартуға шақырды, деп хабарлайды CNN.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Мароккодағы ірі қара мен қой саны 2025 жылға қарай соңғы тоғыз жылда болған құрғақшылықтың әсерінен 38%-ға қысқарған.

"Бұл діни рәсімді лайықты түрде орындауға деген ниетіміз елдегі климаттық және экономикалық қиындықтармен ұштасатын жауапкершілікті талап етеді", – делінген корольдің хатында. Хатты Дін істері жөніндегі министр Ахмед Таофик Al Oula мемлекеттік телеарнасында оқыды.


Марокконың жоғарғы діни жетекшісі король «қазіргі қиын жағдайларда құрбандық шалу табысы төмен халықтың көп бөлігіне ауыр салмақ түсіретінін» атап өтті.

Елде жауын-шашын мөлшері соңғы 30 жылдағы орташа деңгейден 53%-ға төмен болғандықтан, малға арналған жайылым жетіспей, ет өндірісі қысқарған. Бұл ішкі нарықта бағаның өсуіне және ірі қара, қой мен қызыл ет импортының артуына себеп болды.

"Жақында ел Аустралиядан 100 мың қой сатып алу туралы келісімге қол қойды", – деп хабарлады CNN.


Марокко 2025 жылғы бюджетінде ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру мақсатында ірі қара, қой, түйе және қызыл етке импорттық баж салығы мен қосылған құн салығын уақытша тоқтатты.