
Маңғыстау облысында бүгінге дейін 125 медицина қызметкері вакцина алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуевке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, өңірде коронавирусқа қарсы вакцинация өткен аптада басталды. «Спутник – V» вакцинациясы иммундау №2 Ақтау қалалық емханасында жүргізілді.
Бүгінге дейін 125 медицина қызметкері екпе алды.
Вакцинадан кейінгі асқынулар мен реакциялар тіркелген жоқ. Әрі қарай вакцинацияланған адам медициналық бақылауда болады.
Эпидемиологиялық талдау қорытындысы бойынша инфекцияға шалдыққандардың 50%-дан астамы КВИ індетін жұқтырғандармен тығыз қарым-қатынаста болған.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бері оқушылар арасында коронавирус инфекциясының 66 жағдайы тіркелді.
Оның ішінде оффлайн - 29, онлайн әдіспен - 37.
«Жалпы облыс бойынша 155 753 оқушы бар. 1 қаңтардан осы күнге дейін 82413 оқушы оффлайн, 73340 оқушы онлайн әдіспен оқиды. Мектеп-интернат бойынша 2329 оқушы. Ақтау қаласы бойынша мектепке дейінгі 3 мекемеде коронавирус инфекциясының жағдайлары анықталып отыр», - дейді Ғазиз Надуев.
