12 нау, 2021 сағат 09:33

Маңғыстау облысында мұнай қалдығымен ластанған 10 полигон тазартылды

Маңғыстау облысында мұнай қалдықтарымен ластанған 10 полигон толықтай тазартылды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Экологиялық маңызы зор жұмысты Министрлік мен «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жүзеге асырдық. Кеңес кезеңінен бері мұнда мұнай қалдықтарымен ластанған жерлер 47 гектарға жеткенін атап өтуіміз керек. Компания соның әзірге 6 гектарын, яғни 350 мың тонна топырақты тазартты», деп жазды Мағзұм Мырзағалиев . 

Оның айтуынша, енді топырағы қайта өңделген аумақ мемлекеттік бақылау органдарының қарауында болады. «Қазмұнайгаз» 2024 жылға дейін мұнаймен бүлінген жерлерді толық қалпына келтіріп беруге уәде етіп отыр.

«Маңғыстау облысы - еліміздегі экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері өткір тұрған өңірлердің бірі. Сондықтан экология министрлігі табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігін арттырып, жергілікті халықпен тығыз байланыстағы жұмысты жалғастыра береді», - деді министр.