Фото: Үкімет
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру механизмінің нәтижесін баяндап, Парламент сынына жауап берді, деп хабарлайды Ult.kz.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есеге – 1 трлн-нан 2,9 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл саланың көптеген бағыттарын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлер жалақыларының 2,3 есе өскенін айтып кеткен жөн. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шығындары 34%-дан 28%-ға дейін азайды. Алайда әлі де жоғары болып қалып отыр", - деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың барлық көзінен бөлінетін шығыс көлемі жалпы ішкі өнімнің 4%-ына жетті.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілу мерзімі «COVID-19» пандемиясымен қатар келді. Оған қоса, жарнапұлдардың бастапқы параметрлері 1,4 және 3,5 есеге қысқартылды. Бұл бюджеттің кіріс бөлігіне әсер етті. Мұндай жағдайда кіріс бөлікті кезең-кезеңімен ұлғайтып, жарнапұлдардың бастапқы параметрлерін қайтару немесе қабылдаған кепілдіктерді қайта қарау керек. Осы мақсатта өткен жылы бірнеше мәселенің себептерін анықтап, шешу үшін зерттеулер жүргіздік", - дейді спикер.
Ведомство басшысы Президент тапсырмасымен халықтың осал топтарына медициналық көмекке қолжетімділігін жетілдіру, медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатқанын айтуда.
Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 83% міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған. Олардың ішінде 72% мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған осал топтардағы азаматтар. Аталған тұрғындар медициналық көмектің толық қолжетімділігіне ие. Сондай-ақ, МӘМС жүйесін енгізгелі елімізде медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарғаны айтылды.
2019 жылдан бүгінге дейін ауылдық денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 3 есеге (254 млрд тенгеден 776,6 млрд теңгеге дейін), жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыру 2,7 есе ұлғайып, тұрғындарға жоғары технологиялы (протездеу, стенттеу, аорта коронарлық шунттау, трансплантация, ЭКҰ) медициналық көмекті қолжетімді етті.
"Атап айтсақ, жалпы өлімнің 8%-ға, оның ішінде нәресте және ана өлімі төмендеді, ал күтілетін өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 75 жасқа ұлғайды", - деді А. Әлназарова.
Бүгін Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Үкімет сағатында адамдардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендегенін, МӘМС-ке қатысты берілген нақты ұсыныстар орындалмай отырғанын айтқан еді.