20 нау, 2021 сағат 09:45

Қызылордада 1,5 ғасырдан астам уақыт бойы сақталған көне мөр табылды

Қызылорда облысында есімі елге белгілі Қалқай ишанның бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы сақталған ескі мөрі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша арнайы жобаны қолға алды. Осы орайда музей қызметкерлері Сыр өңіріндегі әулие-әнбиелер, ахун-ишандар, билер мен батырлар пайдаланған, халық қасиетті санайтын дүниелерді зерттеу және насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Жобаның алғашқы жаңалығы – ХІХ ғасырда әйгілі үш жүздің пірі болған, Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісінің рухани көсемі Марал ишан Құрманұлының үлкен баласы - Қалқай ишанның мөрінің табылуы. 

«Бүгінгі күнге дейін ұрпақтары мөрді Марал ишандыкі деп санаған. Музей қызметкерлері осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, түрколог-ғалым С.Қосановпен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде араб жазуы тәржімаланып, мөрде «Қалмұхаммед ибн Марал ишан, хиджраның 1247 жылы» деп жазылғаны анықталды.

 

1815-1870 жылдары өмір сүрген Қалқай ишан Бұқара мен Бағдат қалаларының медреселерінде білім алған. Елге келгеннен кейін мешіт-медресе ұстап, жастарды руханиятқа сусындатып қана қоймай, елді еңбекке баулыған», - деді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалының меңгеруішісі Кенжегүл Ахметова. 

Оның айтуынша, Қалқай ишан Шығыстың көне қисса-дастандарын жатқа білген. Тіпті жырларды жазып жинақтаған. Қалқай ишанның Шыңғыс сұлтанның ұлы Шоқанға Мұхаммед-Ханафия деп атын қойғаны жайлы ел аузында аңыз-әфсана сақталған.