08 сәу, 2021 сағат 10:41

Қызылорда қаласының жаңа әкімі тағайындалды

Қызылорда қаласының жаңа әкімі тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Президенті Әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің 2021 жылдың 8 сәуірдегі өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды. 

Ғ. Қазантаев 1960 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандықтары бойынша бітірген. 

Еңбек жолын 1980 жылы Жалағаш аудандық 9-шы жылжымалы механизацияланған колоннаның мастері ретінде бастаған. 

1983-1992 жылдары Қызылорда облысындағы құрылыс ұйымдарында мастер, аға жұмыс өндіруші, өндіріс-техникалық бөлімінің бастығы, 3-ші ауданаралық мамандандырылған жылжымалы механизацияланған колоннаның бас инженері. 

1992-2013 жылдары «Нефтегазстрой Кызылорда» корпорациясының президенті, «Ай-Дан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «ССК «Ақмешіт» акционерлік қоғамының президенті, «Ай-Дан Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Сырдариямұнай» акционерлік қоғамының бас директоры, «Транснефтьсервис» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Kazpetrol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры.

2013-2019 жылдары Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарған.

2019 жылғы қыркүйек айынан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.