07 мам, 2025 сағат 13:20

Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан қос қызметкер марапатталды

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Қос мерекеге арналған думанды шараға ардагерлер, тыл еңбеккерлері, полиция қызметкерлері мен ұландықтар қатысты. Жиналған көпшілікті министр Ержан Саденов құттықтады.

ІІМ өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері,  ғұмырын ішкі істер саласына арнаған Құрмат Рахимовты марапаттады.

Фото: Polisia.kz

Полицейлер мен ардагерлерден бөлек, бұл күні қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының есімі ұлықталды. Олардың қатарында Жәлелхан Мұрымбаев пен Иват Мумбаев бар. Айбынды ерлердің туыстарына мемлекеттік марапат табысталды.

Фото: Polisia.kz

Милиция сержанты Иват Мумбаев ішкі істер органдарына 1990 жылы келген. Ол 1992 жылы Орал қаласында үш бұзақыны құрықтау кезінде пышақ жарақатынан көз жұмды. Жәлелхан Мұрымбаев та погонды еңбек жолын 1990 жылы бастаған. Шығыс Қазақстан облысында қызмет еткен ол 2001 жылы қар құрсауында қалып қойған жолаушыларды құтқарып қаза тапты.

Мерекелік іс-шара арнайы концертпен жалғасты. Отан қорғаушылардың құрметіне эстрада жұлдыздары ән шырқады.