15 сәу, 2026 сағат 12:08

Күйеуін қорғаймын деп кісі өлтірді: сот әйелді босатты

Фото: ашық дереккөз

Абай облысында күйеуін құтқармақ болған әйелдің ісі қайта қаралып, ол сот залынан босатылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға 2024 жылдың шілдесінде болған. Іс материалдарына сәйкес, әйел күйеуін тұншықтырып жатқан ер адамды тоқтатпақ болып, оған ағаш сынығымен бір рет қатты соққы жасаған. Сол сәтте шабуылдаушы оның күйеуінің мойнын аяғымен басып тұрған. Ауыр жарақат алған ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот мәліметінше, алғашқы сот инстанциясы әйелді абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтірді деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар, 3 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелген. Апелляция бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Алайда қорғаушы тарап әйелдің әрекеті күйеуін қорғау мақсатында жасалғанын алға тартып, істі қайта қарауды талап еткен.

Кассациялық сот бұл уәжбен келісіп, әйелдің қорғану мақсатында әрекет еткенін растады. Дегенмен, ол қажетті қорғаныс шегінен асып кеткен деп танылды.

Сот оның жасаған ісіне өкінуін, кәмелетке толмаған баласының барын, мүгедектігін және оқиғаға жәбірленушінің өзі себеп болғанын ескерді.