Фото: baribar.kz
Биыл қасиетті Құрбан айт мейрамын мұсылмандар 6, 7 және 8 маусым күндері атап өтеді. Осыған орай Алматының жеті ауданында үлкен мешіттерге жақын жерде құрбан шалатын 12 орын ашылды. 6 маусымда таңғы сағат 06:00-де қаланың 56 мешітінде Айт намазы оқылады. Намаздан кейін бірден құрбан шалу рәсімі басталады. Осы орайда Ult.kz тілшісі құрбан шалу рәсімі туралы толығырақ жазады.
Алматыдағы құрбан шалу орындары
«Құрбан айтта мұқтаж жандарға қол ұшын созып, бауырмал болып, ізгілікке ұмтылған дұрыс. Жылдағыдай арнаулы орындарда мал сатылып, құрбандық шалынып, ет таратылады. Барлық орын таза, шариғат нормаларына сай келеді. Діни рәсімді мешіт қызметкерлері бақылайды», - деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.
Алматы қаласында құрбан шалуға рұқсат етілген орындар тізімі:
Алатау ауданы бойынша:
Мырзахмет мешіті. Қарасу ш/а, Солтүстік айналма жолы көшесі, 15.
Әскер ата мешіті. Айгерім-1 ш/а, Бенберин көшесі, 18/4.
Алғабас мешіті. Алғабас ш/а, Сайгүбе көшесі, 6.
Бостандық ауданы бойынша:
Бақыткелді мешіті. Хан-Тәңірі ш/а, Дулати көшесі, 27/11.
Медеу ауданы бойынша:
Омар ибн әл-Хаттаб мешіті. Жуков көшесі, 136 А.
Аманқұл ата мешіті. Т.Бигелдинов көшесі, 5.
Фатима мешіті. Ш.Жәнібек көшесі, 148.
Райымбек батыр мешіті. Думан-1 ш/а, Хан Тәңірі көшесі, 15.
Арафат мешіті. Ибрагимов көшесі, 5 А.
Наурызбай ауданы бойынша:
Қалқаман-2 мешіті. Қалқаман-2 ш/а, Аспандияров көшесі, 84.
Түрксіб ауданы бойынша:
"Қайрат" мешіті. Қайрат ш/а, Сарымолдаев көшесі, 22.
Жетісу ауданы бойынша:
Әл-Мәдина мешіті. Федоров көшесі, 12.
Құрбан шалу рәсімі
Құрбан шалу рәсімі – мұсылмандардың ең қасиетті мейрамдарының бірі, Құрбан айт кезінде орындалатын діни ғұрып. Бұл рәсім Алла Тағалаға жақындаудың, тақуалықтың, иман мен ықыластың белгісі ретінде атқарылады. Құрбан шалу ислам дінінің маңызды ғибадаттарының бірі.
Құрбан шалу Зұлхижжа айының 10, 11 және 12-күні, яғни Құрбан айттың алғашқы үш күні таң намазынан кейін орындалады.
Құрбандыққа қой (1 жастан асқан, семіз). ешкі (1 жастан асқан), сиыр (2 жастан асқан, 7 адамға дейін ортақ шалуға болады), түйе (5 жастан асқан, 7 адамға дейін ортақ шалуға болады) шалуға рұқсат етілген. Сонымен қатар, Малдың дені сау, кемшіліксіз, мүкіс болмауы шарт. Көзі соқыр, аяғы ақсақ, өте арық, мүйізі сынған т.б. мал жарамсыз.
Кез келген ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, тұрғылықты (мусофир емес) және нисап мөлшерінен (85 грамм алтын не соған тең байлық) артық мүлкі бар адамға құрбан шалу міндетті.
Құрбан шалу тәртібі бойынша, малды құбылаға қаратып жатқызып, «Бисмилләһи Аллаһу әкбар» деп айтады. Малды ұқыптылықпен және азаптамай, құрбан ниетімен шалу керек.
Құрбандық етін бөлу тәртібі
Жоғарыда аталған құрбандық малдарының ішінен ең көбі қой сойылатыны белгілі. Енді осы қой етін қалай бөлетінін талдасақ.
Құрбандыққа шалынған қойдың етін бөлу – мұсылман дәстүрінде арнайы тәртіппен орындалатын сауапты амал. Етті әділ және дұрыс бөліп, оны тек өзің үшін емес, өзгелерге де үлестіру – құрбан шалудың мәнін толық ашады.
Сонымен, құрбандыққа шалынған қойдың еті 3 бөлікке бөлінеді: Алдымен қой етінің бір бөлігі — өзіне және отбасына қалдырылады. Бұл – Алланың берген нығметі, халал ризық ретінде пайдаланылады. Екінші бөлігі туған-туыстарға, достар мен көршілерге таратылады. Жағдайы жақсы болса да, оларға сыйлық ретінде үлестіруге болады. Үшінші бөлігі жағдайы жоқ, мұқтаж, аз қамтылған адамдарға беріледі. Бұл садақа ретінде есептеледі, ең сауапты бөлігі осы.
Етті бөлгенде шариғат бойынша нақты граммен белгіленген мөлшер жоқ, бірақ үш бөлік шамамен тең болуы керек. Қаласаңыз, мұқтаждарға көбірек беруге болады, бұл – сауапты арттырады.
Ескеретін жайт, құрбан етін де, терісін де сатуға болмайды. Қасапшыға ақы ретінде ет немесе тері беру – дұрыс емес, оған еңбекақы бөлек берілуі керек. Егер қажет деп тапқан жағдайда, құрбан шалушы барлық етті садақа етуге де болады (өзіне қалдырмай) — бұл қосымша сауап.
Құрбандық шалу міндеті айт намазынан кейінгі үш күн ішінде орындалады. Бұл күндері мұсылмандардың жағдайы келгендеріне құрбандық шалу парыз болып саналады.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт мейрамы 6 маусымда басталады. Бұл күн жұмаға сәйкес келеді және Қазақстанда ресми демалыс күні болып белгіленген.
Ақбота Мұсабекқызы
