16 мау, 2021 сағат 14:45

"Құпия жоқ" - Цой QazVac вакцинасы туралы


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Medsupportkz қауымдастығының ғалымдары мен дәрігерлерінің коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасы бойынша мәлімдемесіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Медициналық қоғам Қазақстанның отандық Qazvaс вакцинасын әзірлеудегі жоғары жетістігін мақұлдайды, ол қазір бізде қолдануға рұқсат етілген. Вакцина клиникалық сынақ кезеңдерінен өтті, қазір клиникалық тәжірибеде. Бұл вакцинаны биоқауіпсіздік саласында жұмыс істейтін препаратты жасаған саланың жетекші мамандары растайды. Денсаулық сақтау жүйесінде барлық маман осы әлеуетімізді жоғары бағалайды.

Иә, өз көзқарасын білдіретін адамдар мен мамандар бар. Бірақ жалпы барлығы вакцинаның пайда болуын қолдайды. Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты рейтингі жоғары журналдарға бірнеше мақала жариялауға жіберді.

Нұсқаулықта негізгі ақпараттар, қолдану нұсқаулығы, тиімділігі, оң көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштері бойынша позициясы қамтылған", - деді Алексей Цой ОКҚ онлайн-брифингінде.

Ол вакцина туралы барлық негізгі ақпарат халыққа жеткізілетінін айтты.

"Вакцинация кезінде бұл біздің азаматтарымызға айтылды. Клиникалық зерттеулердің неғұрлым нақтырақ параметрлері жақын арада жарияланады. Мұнда ешқандай құпия жоқ. Бұл - таза процедуралық процесс.

Жалпы, QazVac - Қазақстан үшін үлкен прогресс. Мен де осы вакцинаны салдырдым, өзімді жақсы сезінемін және тұрғындарға да осы вакцинаны егуге кеңес беремін", - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Айта кетейік, сәуір және мамыр айларында еліміздің барлық өңірлеріне QazVac вакцинасының жалпы 100 мың дозасы жетізілген болатын.

Бүгінде QazVac вакцинасының бірінші дозасымен шамамен 41 мың адам, екінші дозасымен 22 мың адам екпе алды.