
Қожа Ахмет Ясауидің нағашысы Тағайын ата қолданған асатаяқ пен қолжазба табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициялық жобасы аясында Қожа Ахмет Ясауидің нағашысы Тағайын ата қолданған асатаяқ пен қолжазба табылды. Жәдігерлерді Тағайын ата кесенесінде ата-бабаларынан бері шырақшы қызметін атқарып келе жатқан әулет сақтап келген. Биыл 82-ге келген Шарипулла Хайдарұлы жәдігердің тарихын жайып салып, ақ мата ішіне түйіліп, сандық түбінде жатқан көне қолжазбаны шығарды.
«Әулие Тағайын атамыздың қабірін күтіп, сақтап, басына құран оқып келушілерге қызмет ету бақыты оның жан жолдасы болған бабамызға бұйырған екен. Яғни, ең бірінші шырақшы болған - Боғи шайық бабамыз. Бұл қызмет атадан балаға жалғасып келеді. Шежіремен тарататын болсақ, Боғи шайықтан кейін оның ұлы Иқони шайық, одан Розмат шайық, Ұмар шайық, Хайдар, Дадахоннан кейінгі қызмет менің еншімде. Дін жолында тазалық пен адалдықты берік ұстаған бабаларымыз ұзақ өмір сүрген. Қожа Ахмет Ясауидің шешесі Қарашаш анамыздың шыққан тегі діни ілімді, батыр, қасиетті жандар болған. Қарашаш анамыздың бауыры Тағайын ата осы асатаяқты қолынан тастамаған екен. Қасиетті жанның қолданған затын шырақшы бабаларымыз да көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатыр», - Шарипулла Хайдарұлы.

Асатаяқ 800 жыл өтсе де әлі күнге дейін шіріп, бұзылмай берік қасиетін сақтаған.
«Ал мына қолжазбада не жазылғаны жайлы беймәлім. Көне жазу және шеңбер, үшбұрыш, төртбұрыш етіп салынған белгілер ішінде түсініксіз жазулар. Бұл кітаптың құпиясын менен бұрынғы аталарым да шеше алмады», - дейді Шарипулла Хайдарұлы.
Тарихи деректерге жүгінсек, Тағайын атаның шын есімі - Нуриддин шайық. Оның батырлығы мен білімдарлығы, ерекше қасиетіне бас иген халық Қожа Ахмет Ясауидің шешесі Қарашаш ананың құрметіне орай «Тағайын ата» деп атаған. Тағайша бибі - Қарашаш ананың шын есімі. Бұл пікірді, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ясауитанушы Зікірия Жандарбек те қолдайды.

«Ахмет Ясауидің анасы Тағайша бибінің лақап аты - Қарашаш ана. Кейбір кісілер Қарашаш ананың есімі Айша болған деп те жаңылысып жатады. Айша Мұсақожақызы - Ясауидің әйелі. Мұсақожа Ибрахим шайықтың шәкірті және Түркістанға жіберген өкілі. Қожа Ахмет Ясауи сол кісінің қарамағына қызметке келіп, қызы Айшаға үйленеді. Бұл деректер Насабнама қолжазбаларынан алынған. Насабнама қолжазбалары Ясауи жолының тарихы болып табылады»,- дейді тарихшы Зікірия Жандарбек.
Шығыстанушы Н.И. Веселовскийдің жазбасынан Қожа Ахмет Ясауидің әкесін Ибрахим шайық анасын Тогайбича деп көрсеткенін кездестіруге болады. Бұл туралы мәліметтер ғалым М.Мирхалдаровтың «Сайрам тарихы» туралы кітабында да бар. Сондай-ақ, белгілі ғалым Мұхтар Қожа мен Ю.А.Елгиннің еңбектерінде де Тағайша бибі жайлы деректер көрсетілген.
Тағайын ата (Нуриддин шайық) мен Тағайша бибінің туыстық байланысы туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Бір деректерде Нуриддин шайық елдің тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтаған батыр, мейірімді әрі қасиетті жан болғандығы айтылады. Сондықтан да қазіргі күнге дейін оның мазарына түнеп, құран бағыштап, Алладан бала тілеген ерлі-зайыптылар көп келеді екен.

Тағайын атадан қалған мұра - қорық-музейдің басты жаңалықтарының бірі. Ел сыртындағы жәдігерлерді елге қайтару, бабадан мирас болып келе жатқан мұралар мен деректерді іздеп тауып, қорық-музей қорына жинақтау, ғылыми тұрғыда зерттеу музей әкімшілігінің алға қойған негізгі мақсатына айналды.
«Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Қожа Ахмет Ясауидің нағашылары қолданған асатаяқтың табылуы қуанышты хабар. Тәуелсіздік алғанға дейін тарихи деректердің, соның ішінде Ясауиге қатысты діни-рухани мәліметтердің көптеген бөлігі жойылып, талан-таражға түсті. Кесененің өзі қандай хәлде болғандығы баршаға мәлім. Міне, қазіргі таңда жоғалған мұралар табыла бастады. Күні кеше ғана Өзбекстан Республикасының Наманган қаласындағы Ясауи бабамыздың ұрпағының қолынан Насабнама қолжазбасының бір үлгісі мен мөрі табылса, бүгінгі күні нағашы жұртынан қалған асатаяқты қолға ұстап отырмыз. Түркі жұртының орталығы Түркістанның түлеп жатқан тұсында рухани тұлғаға тән тарихи мұралардың да табылуы Ясауи әлемін зерттеуге, тануға ашылған қақпа деп білемін. Былтыр басталған «Ясауи ізімен« ғылыми-танымдық экспедициясы өз нәтижесін беруде. Қазыналы қариялардың қолынан табылып жатқан барлық мұралар тиісті сала мамандарының көмегімен зерттеліп, анықталады. Экспедиция жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады», - дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Ақсақалдың қолындағы асатаяқ пен қалың қолжазбадағы жазулардың мән-мағынасын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің мамандары алдағы уақытта анықтайды.

