12 нау, 2021 сағат 14:58

Қостанайлық құтқарушылар боранда науқастарды тасымалдауға көмектесуде

Қостанай облысының құтқарушылары медициналық көмекке мұқтаж жандарды жедел түрде жақын жердегі ауруханаларға жеткізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қостанай облысында ауа райының нашарлауы мен жаяу бұрқасын құтқарушылардың жұмысын көбейте түсті. Кешегі күннің өзінде олар 7 техниканы күртік қардан шығарып, 5 адамды қауіпсіз жерге жеткізді, 19 адамды құтқарды. Олардың арасында бір бала бар.

«11 наурызда Арқалыққа жақын Фурмановка ауылының тұрғындары қар құрсауында қалып қойды. Қар басу мен қатты желдің әсерінен ауылға жетер жол жабылып қалды, - деп мәлімдеді ТЖД. – 11:36-да ауыл тұрғындары құтқарушылармен байланысқан. 5 адам медициналық көмекке мұқтаж болған. Оларды жедел түрде Арқалықтың орталық аудандық ауруханасына жеткізу керек болды. Жолды тізеге дейін қалың қар басқан. 14:20-да ауылға жол талғамайтын көлікпен жеткен ТЖД қызметкерлері төрт ересек адамды және бір үш жасар баланы қар құрсауынан алып шығып, Арқалықтағы аурухана дәрігерлеріне тапсырды.

«Мұндай күндері құтқарушылар жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, көмек көрсетуде. Олар азаматтардан түскен қоңырауларға шұғыл жауап беріп отырады, хабарласқандар көбінесе шалғай ауылдардың тұрғындары болып шығады. Зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, олар медициналық мекемелерге жеткізіледі. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан құтқарушылар он, кейде жүз шақырым жерді басып өтіп, адамдарға көмек көрсетіп жатыр», - деп қосты ведомствода.