12 сәу, 2021 сағат 15:04

Қостанай облысында еріген қар суы күре жолдың учаскесін шайып кетті

«Әулиекөл-Жолдама» күре жолы учаскесінің жарым-жартылай бұзылуы жөнделіп, ондағы қозғалыс қалпына келтірілді. Бұл туралы Қостанай облысы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.

Ведомство басшысының орынбасары Болат Сейдахметовтің мәлімдеуінше, өткізу құбыры істен шығып, жолдың бір бөлігі опырылып түскен. 

«Біз жолды қалпына келтіріп, учаскедегі қозғалысты аштық. Онда арнайы белгілер орнатылып, мердігер ұйымдар кезекшілік атқарып отыр. Сондай-ақ, Қостанай ауданындағы Садчиковка мен Сергеевка арасындағы жол учаскесінің жиегі шайылып кеткен, ондағы биіктік 4 метр болды. Қозғалыс 11 сәуірде қалпына келтірілді. Мердігер ұйымдар ол жерге құм әкеліп төкті», - деп атап өтті ол. 

Қазіргі кезде бұл учаскелерде бақылау жұмыстары жүргізілуде. 12 сәуірдің таңында жергілікті және облыстық маңызы бар барлық жол учаскелері ашылды.