19 мау, 2020 сағат 10:49

Коронавирус: Түркістан облысының ауруханаларында орын саны арттырылып жатыр

Түркістан облысында коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін қосымша төсек орындары құрылып жатыр. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұрхан Нарымбетованың айтуынша, Түркістан мен Кентау қалаларында өкпесі қабынып, аурухана көмегіне жүгінген науқастар саны көбейген. Олар негізінен вирусты пневмония, бактериалды пневмония, ЖРВИ сияқты сырқат түрлерімен ауырғаны анықталуда. Дегенмен, түрлі қауіптің алдын алу мен қауіпті індетке шалдыққандарды емдеу үшін жеке клиникалардан да провизорлық төсек орындары құрылуда.

«Мәселен, жүкті әйелдер үшін кеше облыстық перинаталдық орталықтан провизорлық 40 төсек орнын аштық. Одан бөлек, жекеменшік «Талғат» клиникасынан - 40, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің клиникасынан - 30, «Ақмарал» клиникасынан да біраз төсек орындар ашылды. Сонымен қатар, қалалық орталық ауруханада 150 төсек орын болса, енді оның саны 220 орынға көбейтілді. Сол себепті бізге келген науқастардың барлығы стационарлық емдерін қабылдауда», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Оның сөзінше, қазір қауіпті індет жұқтырған науқастардың еміне вирусқа қарсы «Алувия» препараты мен антибиотиктер қолданылып жатыр. Ал, тыныс жетіспеушілігі бар науқастарға ылғалды оттегі беріледі.

«Науқастарда коронавирус анықталған жағдайда 14 күнге дейін ауруханаға жатқызылып, емдерін қабылдайды. Тұрақты дәрігердің бақылауында болады. Екі аптадан кейін қайта сынамалар алынып, тест нәтижесі теріс шықса ғана ауруханадан шығарылады. Ал, науқастармен байланыста болған адамдар өз үйлерінде оқшаулануда. Олардан оныншы күні қайта сынамалар алынып, тексеріледі. Ешқандай белгілері болмаса, 14-ші күні ешбір анализ тапсырмай-ақ, карантиннен шығаруға болады», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Дәрігердің айтуынша, COVID-19 жұқпасының ерекшілігі сол, басқа респираторлық ауруларға қарағанда пневмонияның тез өршуіне және тыныс жетіспеушілігіне әкеледі.

«Қосымша аурулары (қант диабеті, жүрек ауруы, тыныс жетіспеушілігі, созылмалы бронхит, қан қысымының көтерілуі және т.б) бар науқастарда ауыр турде өтеді. Кей кездері тіпті, аурудың соңы өлімге әкелуі мүмкін. COVID-19 пневмониясының айырмашылығы, егер де науқастардың өкпе тұсын компьютерлік тамографияға түсіргенде екі өкпеде барлық сегменттер зақымдалады және фиброзға әкеледі. Сондай-ақ қауіпті індеттің ауру белгілері иісті, дәмді сезбей қалудан басталады. Адамда әлсіздік пайда болып, дене қызуы көтеріледі. Жөтел қысып, тыныс алуы қиындай бастайды», - дейді Н. Нарымбетова.

Сала маманының сөзінше, аурудан сақтану үшін адамдар үнемі бетпердемен жүргені жөн. Өзара және басқа адамдармен 2 метрден кем емес арақашықтықты сақтай отырып, тығыз қарым-қатынастан алшақ болуы керек. Қолын да үнемі сабындап жуып, құрамында спирті бар затпен өңдегені абзал.