10 нау, 2021 сағат 14:55

Коронавирус: Түркістан облысында 400-ден астам педагог, 200-ге жуық полицей егілді

Түркістан облысында мұғалімдер мен полиция өкілдері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина ала бастады. Ол үшін аймаққа «Спутник V» вакцинасының 10 мыңға жуық дозасы жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ерікті түрде екпе жасатуды қалаған ұстаздар мен полиция қызметкерлерін алдымен дәрігерлер тексереді. Вакцинация алдында олар сырқаттардан дін аман болуы керек. Соңғы мәліметке сәйкес, Түркістан облысында 435 педагог пен 163 полиция қызметкері вакцина салдырды.

Еске салайық, елде коронавирусқа қарсы егу науқаны 1 ақпанда басталды. Бірінші кезекте вакцинация медицина мамандарына жүргізілді. 

Бүгінгі таңда Түркістан облысында 6 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы егілді. Наурыз айының ортасында облысқа тағы 8600 мың доза препарат жеткізіледі деп күтілуде. Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі және оны 18-60 жас аралығындағы азаматтар салдыра алады. 

Бірінші кезекте екпені дәрігерлер, педагогтар, полиция қызметкерлері сала алады. Естеріңізге сала кетейік, өңірде КВИ-ға қарсы вакцинация жыл соңына дейін жалғасады. Бұл халықтың 45-50% қамтиды. Соңғы тәулікте Түркістан облысында коронавирус инфекциясының 3 жағдайы тіркелді.