15 ақп, 2021 сағат 16:36

Коронавирус: БҚО-да инфекциялық стационарлар 54,5% толған

Батыс Қазақстан облысында 591 төсек-орны бар 7 жұқпалы аурулар стационары жұмыс істеп тұр. Қазір оларда коронавирус жұқтырған 322 адам ем қабылдауда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазіргі таңда инфекциялық ауруханалар 54,5 пайызға толған.

Сондай-ақ 185 төсектік 4 карантиндік стационарда 17 адам, жансақтау бөлімінде 25 науқас емделуде.

Күні бүгін инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 3, оттегі концентраторына 9, орталықтандырылған оттегі көзіне 93 адам қосылған. 

Облыста соңғы тәулікте 38, бір аптада 474 адамнан коронавирус табылды. 

Биыл індет жұқтырған балалар саны 206-ға жетті. Ал оқу жылы басталған қыркүйек айынан бері өңірде барлығы 411 баланың ауырғаны анықталды.