16 қаң, 2025 сағат 17:48

“Көлікті бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл”: норма қайта қаралуы мүмкін

Фото:depositphotos.com

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова бұл норманы өзгерту үшін қандай заңнамалық әрекеттер қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар тиісті ведомствоаралық комиссияның қарауынан өтеді. Комиссия құрамына шамамен он мемлекеттік орган кіреді, ал мәселе белгілі бір салаға қатысты болса, басқа мүдделі тараптардың қатысуына шектеу қойылмайды.

"Комиссия құрамына тек мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, Парламент депутаттары мен ғылыми қауымдастық өкілдері де кіреді. Себебі өзгерістер енгізу, әсіресе, диспозиция мен санкция тұрғысынан, өте мұқият әрі теңгерімді түрде жасалуы қажет. Егер осы тақырып бойынша депутаттық сауал қойылса, мәселе талқылауға шығарылып, қаралады. Оның нәтижелері бойынша қосымша хабарланады деп ойлаймын", – деді Ботагөз Жақселекова Сенат кулуарында.

Бұл тақырып қоғамда үлкен талқыға түскен еді. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев суық мезгілде көлікті қыздыру мерзіміне қатысты норманы қайта қарауды ұсынған. Алайда ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев, бұл талап бұрыннан бар және оның мақсаты – экологиялық стандарттарды сақтау деп түсіндірген.

Жақында Петропавл қаласында жүргізушіге көлікті бес минуттан артық қыздырғаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған оқиға қызу пікірталас тудырды. Жүргізушіге көршілерінің шағымынан кейін айыппұл келгені белгілі болды, енді ол 5 АЕК (19 660 теңге) төлеуге мәжбүр болады.