
Ауа райының нашарлауына байланысты Ақмола және Алматы облысында көлік қозғалысы шектелді, деп хабарланды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми Telegram каналында.
Қолайсыз ауа райына (қар, боран, жолдың нашар көрінуі) 8 ақпанда сағат 10:30-дан бастап Ақмола облысында «Нұр-Сұлтан-Қорғалжын» автожолының 19-180 шақырымында «Нұр-Сұлтан қ.-Қорғалжын қорығы» учаскесінде барлық көлік түрлері үшін көлік қозғалысы шектелді.
Сондай-ақ 8 ақпанда сағат 10:00-де Алматы облысында қолайсыз ауа райына (боран, шектеулі көрініс) байланысты «Үшарал-Достық» автожолының 83-184 шақырымында «Көктума ст-Достық ст.» учаскесінде («Автодор НС» АБК қайта құруға арналған учаскесі) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Бұған дейін хабарланғандай, қолайсыз ауа райына байланысты Павлодар және Қарағанды облысы жолдарында қозғалысқа шектеу қойылған болатын.
