12 сәу, 2021 сағат 14:24

Көкшетаудың Науан Хазірет атындағы орталық мешітінде жамағатқа екпе салына бастады

Көкшетаудағы Науан Хазірет атындағы орталық мешітте екпе салатын орын ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ораза кезінде екпе алуға бола ма деген мәселе қазір біраз адамдарды толғандырып отыр. Осы ретте, ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлімдемесі жарияланды. Онда екпе егу оразаны бұзбайтындығы айтылды. Дегенмен, екпеден кейін адам өзін нашар сезініп, ем алатын болса, бұл оразаны бұзады және осыған орай, рамазан айы біткен соң ораза бұзылған күндерді өтеуге болады. 

Бүгін Науан Хазірет Мешітінің бас имамы Сәбит Қуаныш та коронавирус инфекциясының екпесін алды.

«Егер белгілі бір зат ас қорыту жүйесіне ауыз, мұрын сияқты табиғи саңылаулар арқылы енсе, ораза бұзылады. Инъекциялар мен коронавирус вакцинасын енгізу аталған жағдайға жатпайды. Сондықтан COVID-19-ға қарсы вакцинаны қабылдау оразаны бұзбайды», - дейді бас имам.

Сондай-ақ, бас имам атап өткендей, дәрумендер мен қоректік қасиеті бар инъекцияларды қоспағанда емдеу мақсатында қолданылатын инъекцияларға рұқсат етілген.

 

Сонымен бірге, бүгін мобильдік бригада Хоум кредит банкінде 12 адамға және Көкшетау жолдары кәсіпорнында 30 адамға жұмыс орнына барып екпе салды.