21 шіл, 2020 сағат 17:03

Көбейтұзға көлікпен кіріп кеткен жүргізушіге айыппұл салынды

Қызғылт түсті Көбейтұз көліне көлігімен кіріп кеткен азаматтың фотосуреті әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Ақмола облысының полиция қызметкерлері ол жүргізушіні ұстап, әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Көбейтұзға көлігімен кіріп кеткен көлік иесінің әрекетіне әлеуметті желі қолданушылары ашуланып, тәртіп бұзушыны жазалауды талап еткен еді. 

«Ақмола облысының полицейлері жол талғамайтын көліктің иесін мен істің мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары Toyota Land Cruiser көлігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке құрылыс компанияларының бірінде тіркелгенін анықтады. Осы жылдың 20 шілдесінде жол талғамайтын көлігімен 40 жастағы жүргізуші Көбейтұз көліне кіріп кеткен», - деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Осы жағдай бойынша құқық қорғаушылар тәртіп бұзушыны екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Атап айтқанда ол әкімшілік кодекстің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша ескерту жарияланып, 434-бабының ІІ тармағы бойынша (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 5 АЕК (13 890 теңге) айыппұл салынды.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, табиғатқа жауапты түрде қарауға шақырды.

Санитарлық нормаларды сақтау мақсатында Ақмола облысының Полиция департаменті Көбейтұзға баратын екі автожолға 20 шілдеден бастап 3 мобильді бекет орнатқан. Осылайша тыйым салынған орынға кіру және шығу жағдайлары бақыланбақ. Одан бөлек полицияның қосымша патрульдеу экипажы көл жағасында қадағалау жұмыстарын жүргізеді.