22 қаз, 2017 сағат 13:23

Халыққа қызмет етуден биік шың жоқ

Исі қазаққа танымал, санаңа ой салар «Не пайда» атты талғамды әннің мәтінінде: «Бұл өмірден не пайда, халқыңа қызмет етпесең» деген жолдар бар. Иә, шындығында да Отаның, халқыңа, туған жеріңе иіле қызмет етпесең, құр сүлдені көтеріп, жер басып жүргеннен не пайда, не ғаріп. 

Туған елге қызмет етудің ең асқаралы шыңы ел тыныштығын қорғау екені рас. Егемендіктің бірден-бір күретамыры болып саналатын ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сенімді үлесін қосып жүрген Ұлттық ұландық қызметкердің еңбегі де парықты һәм абыройлы.

Бүгінгі қалам тартар мақаламыз бойындағы қайрат пен жігерін, білімі мен қажырлы еңбегін ел тыныштығын қамтамасыз етуге арнаған білікті офицердің бірі подполковник Фархад Атығаев жайлы болмақ.

Фархад 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қала баласы болса да, ауылды, ауылдағы туысқандарын аңсап тұратын. Жаз шығып, оқудан сәл қол босай қалса Қарағанды өңіріндегі туысқандарына тартып отыратын еді. Ол жастай белсенді болды. Қоғамдық іс-шараларға мектеп қабырғасында жүріп араласты. Әлі есінде, Түркісіб аудандық ішкіс істер басқармасының жасөсріпімдерге арналған «Қоғамдық тәртіпті сақтаушы сақшалардың жас көмекшілері» үйірмесінің белсенді мүшесі болған еді.

1999 жылы орта мектепті тәмамдаған соң өзінің бала күнгі арманы Ұлттық ұланның Петропавл қаласындағы Әскери институтына құжаттарын тапсырып, оқуға түседі. Әскери білім ордасын бітіргеннен кейін офицерлік қызмет жолын туған қаласы Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде взвод командирлігінен бастады.

Жас лейтенант мұнда тәжірибе жинақтады. Бір жылдан соң Фархад Атығаев Алматы облысы Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөліміне ауыстырылды. Аталған оқу полкында әскери жасақ бастықтарын даярлаушы оқу процесінін басқарған ол осында бас-аяғы 4 жылдан астам уақыт қызмет атқарды.

Мұнда Фархад толысты, кемелденді. Қарымды қабілетімен қуантып, іскерлігімен сүйсіндіріп, ұйымдастыру ісіндегі ұтқырлығымен, қиын сәттегі тапқырлығымен ерекшеленді.

2009 жылдың соңынан бастап 7552 әскери бөлімінде жауынгерлік даярлық қызметінде жауапты лауазымдарда атқарды. Ал 2016 жылдан бастап Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскер қызметі және қызмет қауіпсіздігі бөлімінің аға офицері лауазымына тағайындалды.

Қызметіне қашанда жауапкершілікпен қарап, талап пен сапалы нәтижелерге жоғары көңіл бөлетін офицер бүгінде «Оңтүстік»өңірлік  қолбасшылығында үздік офицерлердің сабында. Әскери жарғы талаптары мен тәртіптің қатаң сақталып, әскердегі өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухтың шыңдалуына елеулі үлесін қосып келеді. Әрі офицерлер мен сержант, прапорщиктер, қатардағы жауынгерлер арасында келеңсіз оқиғаларды болдырмау жолында білек түре еңбек етуде. Әскери бөлімдердің қырағы күзетін ұйымдастырудағы Фархад Атығаевтың еңбегі де айтарлық.

«Қазіргі таңда әлемдегі кез келген елдің алдында тұрған ең үлкен міндет ол лаңкестіктің алдын алу, әрі одан халқының қауіпсіздігін бекем қорғай білу деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Алыс-жақын шетелдерде болып жатқан жарылыстар кім-кімді де ойландырмай қоймасы анық.

Кейде теледидар, басылым беттерінен әлдебір аса қауіпті содырдың Қазақстан жерінде ұсталып, бірде Ресейге, бірде Өзбекстанға, бірде басқа да алыс-жақын шетелдерге экстрадицияланып жатқандығын естігенде ес жиып қалатынымыз бар. Сонда ғана Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастықтың бір бөлшегі, баршаға төніп тұрған қауіп-қатердің ортақ екендігін аңғарасың.

Жеке адам мен азаматтың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, Қазақстан қоғамының құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен ел тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне зор жауапкершіліктер жүктеліп отыр.

         Әрине, осы уақыт аралығында қол жеткізген биіктер көп. Бірақ онымен тоқтап қалуға болмайды, жеке құрам әрдайым ізденіс үстінде болса ғана ол өзінің кәсібилігін арттыра беретіндігі сөзсіз. Сондықтанда біздің қызметіміз әскери бөлімдердегі қызметтің қауіпсіздігіне, оның қорғанысына тікелей жауапты болғандықтан атқарылар шаруаға үлкен жауапкершілікпен келеміз. Біздің әр әскери қызметшімізге қойылар талап жоғары. Сондықтан да қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын пысықтауға, оны жеке құрамға үйрету, әрі оқу-жаттығу шараларын ұдайы ұйымдастырып отыруға жиі көңіл бөлеміз»,- дейді ол

Иә, әр адамның маңдайына жазған қысқа ғұмырында өзінің бүкіл жан-дүниесімен, болмыс бітімімен таңдаған сүйікті мамандығы болатыны анық. Жан-жүрегімен қалаған кәсібін терең игерген ондай азаматтар қашанда құрмет биігінде екені рас. Бұл жағынан келгенде кейіпкеріміз мамандық таңдауда қателеспегенін айтады. Халыққа қызмет етуден артық шың жоқ дейді. Мінсіз әскери қызметі жолында талай марапат пен мақтауларға ие болған екен.

Жан-жары Гүншам екеуі Әлихан есімді ұлдарын өнегелі өсіріп келеді. «Әкеге қарап ұл өсер», - дейді. Осы ұлымда өсе келе менің менің жолымды қуаса екен», дейді отағасы. Олай болса, бізде өз кезегімізде Фархадқа биіктен көріне беруіне тілектестік танытып, армандарына жетуіне ниет білдіреміз. Алар асуларың көп болғай алғадай азамат.

Майор Арман ӘУБӘКІРОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы,

Алматы қаласы