05 ақп, 2021 сағат 18:17

Халық үніне құлақ асатын мемлекет: Елордада тұрғындарға арналған сайт ашылады

Астаналықтарға арналған жаңа сайт іске қосылады. Онда қала тұрғындары өзін мазалаған сауалдарын жолдап және мәселелерінің шешу жолын ұсына алады.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз қала тұрғындарын мазалаған мәселелерді сұрап, біліп оны әрдайым назарда ұстауымыз керек. Одан бөлек, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі уақытта халықтың талап-тілегіне назар салу мақсатында қаладағы 4 аудан бойынша есептік кездесу өтіп жатыр. Карантин шектеулеріне байланысты есеп беру онлайн өтіп жатыр, дегенмен келіп қоятын сұрағым бар деген тұрғындармен тікелей кездесу ұйымдастырып жатырмыз», - деді А. Көлгінов «Астана» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында. 

Сондай-ақ, қала басшысы 10 ақпан халық алдында өзінің есеп беретінін мәлім етті. 

«Тұрғындармен қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсу мақсатында біз қазір жаңа сайт ашып жатырмыз. Birge.kz деп аталады. Ол сайт қала өміріне қатысты барлық саланы қамтиды. Яғни денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, жол, абаттандыру, газдандыру, жаңа жұмыс орындары және тағы бағыттар қамтылады. Сайт арқылы қала тұрғындары жоғарыда аталған салалар бойынша өзін толғандырған сауалын жолдай алады. Сонымен қатар, көтерген мәселені шешу жолын да ұсына алады. Барлық сауалдар мен ұсыныстар жинақталып, қала бюджетін қарастырғанда ескерілетін болады», - деді ол.